«Рухани мұра» сериясының келесі кітабы — Закария Ерғалиұлы Бөкейидің «Тәжуид хүкімдері» атты еңбегі.
Закария бин Ерғали әл-Ахмәди әл-Бөкейи (1889–?) – ХХ ғасыр басындағы қазақтың көрнекті ағартушы-ұстаздарының бірі. Ол Батыс Қазақстан облысы Жәнібек ауданына қарасты Тереңқұдық ауылында дүниеге келіп, алғашқы сауатын ауыл молдасынан ашқан. Кейін Қазан қаласындағы «Мұхаммадия» медресесінде оқып, 1912 жылы оны тәмамдаған. 1921 жылы Бөкей губерниялық оқу бөлімінің мұғалімдер курсын аяқтап ұстаздық қызмет атқарған.
Ағартушылық қызметімен қатар Закария қазақ тілінде алғашқы оқу құралдарын жазып, баспа ісіне де сүбелі үлес қосқан. Оның небәрі 21 жасында Қазан қаласында жарық көрген «Қазақ әліппесі» ( قزاق الفباسى ) кітабы ауыл жастарының Құран сауатын қазақи оқыту үлгісімен ашуға зор ықпал етті. Өйткені бұл еңбегінде әліпби үйретумен бірге ғылым, өнер, тарих, тәрбие тағылым жөніндегі ғибратты насихаттар да қамтылған. Сондай-ақ қолымыздағы «Тәжуид хүкімдері» (تجويد حكمديرى ) атты еңбегі мен бірге «Мұхтасар ғылым хал» (مختصر علم حال) еңбегі жарық көріп, ұрпақ сауаттылығына зор үлес қосқан
Закария Бөкей Ордасындағы мерзімді басылымдардың қалыптасуына атсалысып, «Дұрыстық жолы», «Хабар-Известия», «Киргизская правда» газеттерінде қызмет еткен.
Оның 1908 жылы Қазан қаласындағы Каримовтар баспаханасынан шыққан «Тәжуид хүкімдері» атты еңбегінде Құранды дұрыс оқу ережелері кеңінен қамтылған.
Литографияның көшірмесі ҚР ҒЖБМ «Ғылым ордасы» РМК Орталық ғылыми кітапханасының «Сирек кітаптар мен қолжазбалар» қорынан алынды.
Бұл басылымда еңбектің факсимилесі, асылмәтіні, ғылыми түсіндірмелері, терминологиялық сөздігі және латын әрпіндегі транскрипциясы берілді
