Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Әлем тарихындағы Алтын Орда: зерттеулердің жаңа тәсілдері мен бағыттары» атты халықаралық ғылыми дөңгелек үстел өтті. Басқосуға еліміздің жетекші тарихшылары, шығыстанушылары, археологтары және ғылыми ұйымдардың өкілдері қатысты. Дөңгелек үстел бағдарламасы Алтын Орда тарихына қатысты өзекті мәселелердің кең ауқымын қамтыды. Қатысушылар әлем тарихындағы Алтын Орданың орны мен рөлін, жазба және археологиялық деректерді зерттеудің жаңа әдіснамалық ұстанымдарын, соңғы археологиялық жаңалықтарды талқылады.
Дөңгелек үстелде ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі Берекет Кәрібаев Алтын Орда мен Қазақ хандығы арасындағы тарихи сабақтастыққа қатысты жаңа ғылыми тұжырымдарын ұсынды. Ислам ғылыми-зерттеу институтының директоры Төрәлі Қыдыр Алтын Орданың рухани мұрасы мен оның ислам өркениетіндегі орнына тоқталып, баяндама жасады. Баяндама барысында Алтын Орда дәстүрлері мен қазақ мемлекеттілігінің қалыптасуы арасындағы тарихи сабақтастық мәселелерін талқылады.



