Алқалы жиынға Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы, ҚМДБ Ислам ғылыми-зерттеу институтының директоры, филология ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Төрәлі Еділбайұлы Қыдыр, «Ғылым ордасы» РМК Бас директоры Нұрлан Бақытжанұлы Сейдін, ҚР ҒЖБМ ҒК М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының Бас директоры, филология ғылымдарының докторы, академик Кенжехан Ісләмжанұлы Матыжанов, Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті университеті жанындағы Халықаралық ғылыми зерттеу және инновация орталығының директоры, филология ғылымдарының докторы, профессор Шәмшәддин Тұрсынұлы Керім, Индиана университетінің (АҚШ) Таяу Шығыс, Ислам және Орталық Еуразия зерттеу орталығының қызметкері, PhD доктор Акрам Хабибулла, Қ.А. Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті Еуразия ғылыми-зерттеу институтының қызметкері, қауымдастырылған профессор Палтөре Ықтияр қатысты.
Дөңгелек үстелде Хазірет Наурызбай қажы Тағанұлы бабалардан жеткен араб графикалы жазба жәдігерлердің басым бөлігі діни мазмұнда екеніне айтып, олардың қазақ руханиятындағы мән-маңызына тоқталды. Дөңгелек үстелде қолжазбаларды сақтау, зерттеу, ғылыми айналымға енгізу мәселесі жан-жақты талқыланды. ҚМДБ Ислам ғылыми-зерттеу институтының директоры, филология ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Төрәлі Еділбайұлы Қыдыр өз сөзінде қолжазбалардың маңызы мен оны кітап бетіне түсірудегі артықшылықтарға тоқталып өтті. Ислам ғылыми-зерттеу институтындағы «Рухани мұра» жобасы бойынша шығарылған кітаптар және Ислам инциклопедиясының екі томы Нұрлан Бақытжанұлына табысталды.









