Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Ғылым ордасында орналасқан көне жәдігерлермен танысты. Ескі кітаптар мен көне қолжазбаларды реставрациялау зертханасында болып, көне мұраларды сақтап, келер ұрпаққа жеткізу жолында еңбек етіп жүрген мұражай қызметкерлеріне алғысын білдіріп, жұмыстарына табыс тіледі. ҚМДБ Ислам ғылыми-зерттеу институтының директоры Төрәлі Қыдыр институт қорында сақталған кейбір құнды жәдігерлерді осы зертханада зерделеу жағына назар аударды. Сонымен қатар Бас мүфти Қазақстан аумағындағы археологиялық қазба жұмыстары барысында табылған көне дәуір жәдігерлерін сақтап, зерттеумен айналысатын Археология мұражайын да тамашалады.
Мұражай қорында қазақ жерін мекендеген ежелгі тайпалар мен халықтардың мәдени даму деңгейін, олардың әлемдік өркениет қазынасына қосқан үлесін айғақтайтын көптеген құнды ескерткіштер сақталған.
Экспозициялар төрт ірі бөлімнен тұрады. Олар: алғашқы қауымдық қоғам және оның ыдырауы кезеңі, Андрон мәдениеті, Беғазы-Дәндібай мәдениеті, ерте темір дәуірі (б.з.б. VIII ғасыр – б.з. V ғасыр), сондай-ақ орта ғасырлар кезеңінің ескерткіштері.
Мұнда ортағасырлық Тараз, Алмалы, Талғар, Ақтөбе және Баба ата қалаларында жүргізілген археологиялық зерттеулер кезінде табылған қыш ыдыстар, шыны және мыс бұйымдар, сондай-ақ қолданбалы өнер туындылары көпшілік назарына ұсынылған.




