Абай облысында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұйымдастыруымен «Хакім Абай және дін: рухани тәрбиенің қайнар көзі» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Шараға ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы арнайы қатысып, баяндама жасады.
Бас мүфти өз сөзінде хакім Абайдың рухани мұрасы мен ислам құндылықтарының өзара үндестігін атап өтті. Ол Абайдың «ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек» ұстанымдары адамның рухани және адамгершілік тұрғыдан кемелденуіне бағыт беретінін айтты. Сондай-ақ Абай шығармаларындағы имандылық, әділдік пен ізгілікке үндейтін ойлардың бүгінгі қоғам үшін де аса маңызды екенін жеткізді.
Конференция барысында еліміздің белгілі абайтанушылары, дінтанушылар мен теолог ғалымдар Абай көзқарастары мен ислам философиясының сабақтастығын жан-жақты талқылады.
Шара аясында «Абай еліндегі ислам» атты ғылыми-танымдық еңбек таныстырылды. Бұл кітапта Семей өңірінде ислам дінінің таралу тарихы, алғашқы мешіттер мен медреселердің қалыптасуы, сондай-ақ өңірдің дін қайраткерлері мен олардың ел игілігіне қосқан еңбегі баяндалған.
Конференция соңында қатысушылар рухани бірлік пен жастардың тәрбиесінде Абай мұрасының маңызын арттыру жөнінде пікір алмасты.
