ҰЛТТЫҢ РУХАНИ КОДЫ — ЖАЗБА МҰРА

Төрәлі Қыдырмен қолжазбалар, бабалар аманаты мен парасат әдебиеті, жат діни ағымдардың тамыр жаю себептері және түрік әдебиетінің адамзат өркениетіндегі орны туралы сұхбаттастық. Ғалым ғасырлар қойнауынан жеткен рухани қазыналармен жұмыс істеудегі түйткілдер туралы ойын, ұсынысын ортаға салды. Әңгіме барысында Абайдың ғақлиялық мұрасын кеңестік кезеңде қалай «Қара сөз» деп атауға мәжбүр болғанымызды, Мысыр мен Ирандағы қараусыз қалған жазбаларымыздың тағдырын, сондай-ақ ортағасырлық асыл сөзді бүгінгі оқырман санасына жеткізудің әдісін де талқыладық.


– Парсы тілі мен әдебиетінің маманы әрі шығыстанушы ретінде қазір парсы тілі мен әдебиетінің жалпы әлемдік руханият кеңістігіндегі орны мен мәнін қалай бағалайсыз?
– Шығыс тілдерінің ішінде әдеби тілге жақыны парсы тілі дер едім. Мұны осы тілді оқығандықтан айтпаймын, шынтуай­тында да солай. Себебі ортағасырлық классикалық шайырлардың дені осы парсы тілінде өздерінің жыр жауһарын жазып шыққан. «Парсы поэзиясының атасы» Рудакиден бастап Фирдауси, Хафиз, Омар Хаям, Сағди, Аттар, Жәми секілді сөз зергерлері жыр-дастаны арқылы адамзат өркениетіне үлес қосты. Сондықтан болар, бүгінде парсы тілі десе, бірінші кезекте сол ақындар, олардың әдеби мұрасы еске оралады. Тіпті Біріккен Ұлттар Ұйымының (БҰҰ) кіреберісіне Құран не Інжілден үзінді емес, парсы ақыны Сағди Ширазидің бір бәйті жазулы тұрғаны соны аңғартса керек. Бұған қосымша ретінде парсы тілінің ислам әлемінде біраз уақыт бойына әдебиеттің тілі болғанын, тіпті ортағасырлық түрік ақындарының кейбірі осы тілде қалам тербегенін атап өтсек те жеткілікті. Бұл менің парсы тілі мен әдебиетінің маманы ретіндегі ойым емес, жалпы, шығыстанушы һәм әдебиеттанушы ретіндегі пікірім. Сондықтан сөз өнерін қадірлейтін, әдебиетті сүйетін оқыр­ман барда парсы әдебиеті де өмір сүруін тоқтатпақ емес дер едім.
– Өзіңіз жетекшілік еткен «Ежелгі дәуір әдебиетінің антологиясы» – қазақ руханияты үшін аса маңызды әрі құнды жоба. Осы уақытқа дейін бірнеше томы жарық көріп, түрік әдебиетінің терең тамырына бойлайтын мол мұра қамтылды. Бүгінгі буын – жаһандану мен цифрлық заманда өмір сүріп жатқан ұрпақ. Осы ретте сұрайын дегеніміз, қазіргі жастар осынау көне жазба мұралардан қаншалықты хабардар? Жалпы, біз бабалар руханиятымен байланысты үзбей жалғас­тыра алып жатырмыз ба, әлде әлдеқашан алыстап кеттік пе?
– Кітап атауының өзі айтып тұрғандай, мұнда ежелгі дәуірдегі әдеби жәдігерлер қамтылған. Осы уақытқа дейін үш томы жарық көрді. Бұйыртса, биыл төртінші-бесінші томдарын оқырман назарына ұсынсақ деп отырмыз. Сонда ежелгі түркі жазба ескерткіштерінен бастап, бертінгі Қараһандықтар, Алтын Орда, Қазақ хандығы және кейінгі ғасырлардағы әдеби жәдігерлер толық қамтылатын болады. Бұл – антология. Сондықтан әр дәуірдің әдеби тынысын бүгінгі оқырманға жеткізу мақсатында, жәдігерлерден үзінділер ғана беріледі.
Әрине, кешегі Кеңес заманында ежелгі және ортағасырлық әдеби жәдігерлерімізден біраз қол үзіп қалғанымыз бар. Көрші елдермен салыстырғанда, бабалар мұрасын зерттеуде кенжелеп қалғанымыз да ақиқат. Десек те, соңғы жылдары бұл салаға деген қызығушылық артып келеді. Жас мамандар да бұл кезеңдегі жазба ескерткіштерге сыналап еніп жатыр. Әрине, жас ізденушілер тіл және әліппе мәселесінде біраз қиындықтарға тап болатыны белгілі. Себебі ортағасырлық әдеби жәдігерлер араб графикасында, қадім үлгісінде (яғни төте жазуға дейінгі үлгіде) және түрік әдеби (шағатай) тілінде жазылғаны белгілі. Сондай-ақ сол дәуірдегі шығармалардың діни астар алғаны тағы бар. Осы мәселелерді игергенде ғана ортағасырлық шығармалардың бар құпиясы ашылады. Қазіргі таңда кешегі уақытта жіберіп алған олқылықтардың орнын толтыру мақсатында түрлі жинақтар мен антологияларды оқырманға жеткізудің қамын жасап жатырмыз. Ондағы мақсатымыз бүгінгі жас ұрпақтың бабалар мұрасымен жақын танысып, өздерінің рухани кеңістігін сол арқылы байытса деген ойдан туындап отыр. Себебі өзінің асыл негізінен, ұлттық құндылықтарынан қол жазып қалмаған ұрпақтың бойында ұлтжандылық, имандылық қасиеттері бой көрсететіні белгілі. 
– 1905 жылы Абай шығармаларын жинақтаған М.Әуезовтің деректеріне сүйе­ніп, Абайдың қара сөздерін емес, насихат жазғанын айттыңыз. Дерегіңізге сүйенсек, «Қара сөз» атауы Кеңес заманында Мұхтар Әуезов бастаған абайтанушылардың ұсынысымен енгізілгенін алға тартасыз. Осы туралы тарқатып айтып берсеңіз. 
– Абай шығармалары қамтылған қолжазбалармен танысқан адамға бұл жаңалық емес. Бүгінгі ғылымға Абайдың он екі қолжазбасы белгілі. Біз осы қолжазбалар туралы мәліметті ақынның 175 жылдық мерейтойы қарсаңында, яғни 2020 жылы жарық көрген Абай шығармаларының академиялық толық жинағының үшінші томында бердік. Бұл басылымның қазақ әдебиеттанушыларының қара шаңырағы саналатын М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты тарапынан жарық көргенін баса айтқым келеді. Ғылымға белгілі осы он екі қолжазбаның ішіндегі үшеуі ақынның кәтібі болған Мүрсейіт Бікеұлына тиесілі. Осы үш қолжазбада ғана ақынның прозалық туындылары орын алған. Қалған қолжазбаларда, сондай-ақ 1909, 1922 жылғы литографиялық басылымдарда ақынның қара сөздері берілмеген. Мүрсейіттің осы үш қолжазбасында ақын өлеңдерінен кейін прозалық туындылары «Китәб әқли», яғни «Ғақлият», «Сократ хакімнің сөзі», «Насихат» және «Китәб тасдиқ», яғни «Иман кітабы» деп берілген. Яғни бүгінде «Қара сөз» айдарымен оқып жүрген дүниелеріміз осындай атаумен көшірілген. Ақынның прозалық туындыларын «Қара сөз» ретінде беру кейінгі құрастырушылар тарапынан туындаған. Оның басы-қасында суреткер-ғалым М.Әуезовтің тұрғаны анық. Ол ақынның ғақлияларын толық беру мақсатымен «Қара сөз» деп топтастырған десек те болады. Олай болмаған күнде ақынның діни көзқарастары қамтылған ғақлияларын жариялау мүмкін болмас еді. Бүгінде отыз сегізінші сөз ретінде жүрген «Китәб тасдиқ», яғни «Иман кітабын» кешегі кеңестік заманда жарыққа шығару қиын болатын еді. Сондықтан М.Әуезовтің осындай қадамға баруын сол кездегі саяси ахуалдан іздеген дұрыс дер едік. 
– Салафизм, уахабизм сияқты теріс ағымдар жастар арасында қалай тамыр жайып кетті? Біз олармен кеш күресе бастаған жоқпыз ба?
– «Ештен кеш жақсы» деген қанатты сөз бар. Кеш те болса, сол олқылықтармен күресті қолға алып жатырмыз. Соңғы он шақты жыл көлемінде өзіміздің рухани жолымызды насихаттап, жат ағымдардың алдын алу бойынша жұмыстар атқарылып жатыр. Қазақстан мұсылмандар діни басқармасы бүгінде өзіндік платформасын нықтап, бабаларымыздың мың жылдан бері ұстанып келген ханафи-матуридилік жолды насихаттап, дәстүрлі рухани кеңістігімізді қайта тіктеуге барын салуда. Соңғы жылдары Мүфтият тарапынан жарық көрген «Бабалар ізімен», «Дін мен дәстүр», «Ихсан – рухани тәрбие негізі» секілді кітаптарды осы мақсаттағы соны ізденістер деуге болады. Білікті мамандарымыз жат ағымның жетегінде кеткен бауырларымызға түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Дінтанушы һәм исламтанушыларымыз оңалту жұмыстарын да атқарып жатыр. Имамдарымыз да үгіт-насихаттарында дәстүрлі рухани құндылықтарымыз­ға ерекше назар аударып отыр. Өкінішке қарай, «батпандап кірген ауру, мысқылдап шығады» дегендей, қарагөздеріміздің ішінде өзінің ұстанымынан айырылғысы келмейтіндері де кездеседі. Себебі санаға енген алғашқы діни ұстанымның жойы­луы біраз уақытты алады. Десек те, осы саладағы діни-ағартушылық жұмыстары үздіксіз жүріп отыруы қажет. Ендігі мақсат – сол жат діни түсініктердің кейінгі жастарымыздың санасына сіңіп кетпеу жағының алдын алу қажет. Яғни кейбір орта буын өкілдерінің санасындағы діни ұстанымның келешек жас буынның дүниетанымына әсер етпеудің алдын алу маңыз­ды. Егер жат ағымдардың діни ұстанымы екі-үш буынға өтетін болса, онда олар келешекте дәстүрлі рухани кеңістігімізден өз орнын алуға тырысары анық. 
– Қазір Қазақстанда тарихи-мәдени мұраға, оның ішінде көне қолжазбалар мен сирек мәтіндерге деген қызығушылық артып келе жатқаны байқалады. Дегенмен бұл бағытта атқарылып жатқан жұмыс­тардың ауқымы мен сапасы қандай деңгейде? Сол мұралар жеткілікті түрде зерттеліп, ғылыми айналымға еніп жатыр ма? 
– Бүгінде көне қолжазбалар мен ескі кітаптарды зерттеуге деген қызығушылық артып келеді. Әсіресе соңғы төрт-бес жылдың көлемінде тіпті арта түсті десек те болады. Отандық кітапханалардан бөлек, шетел кітапханаларының сирек қорынан да біраз құнды дүниелер алып келінді. Бірақ өз деңгейінде толық зерттеліп жатыр дей алмаймыз. Сол көне қолжазбалардың ішіне енетін білікті мамандарымыз әлі де аз. Себебі көне қолжазбаны зерттеу үшін, кем дегенде, араб, парсы, түрік секілді екі-үш тілді қатар білу қажет. Сондай-ақ араб графикасының даму ерекшеліктерін, яғни насх, талиқ, насталиқ, шекәсте насталиқ секілді т.б. хұснихаттардан хабары болмағы ләзім. Сонда ғана көне қолжазбалар мен ескі кітаптарға жан бітеді. Ғылыми айналымға еніп, руханиятымызға қызмет етеді. 
Соңғы жылдары көне мұраларды зерттеп-насихаттауға Үкімет те ерекше қолдау білдіріп келеді. Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитеті жариялайтын бағдарламалық нысаналы қаржыландыру (БНҚ), гранттық жобаларды ұтып алып, жұмыс істеп жүрген ғалымдарымыз бар. 
– Ғылым – қажырлы еңбектің жолы. Осы ретте өзіңізден жетекшілік еткен жобалар мен соңғы уақытта ашқан ғылыми жаңалықтарыңыз туралы сұрасақ. Соңғы кездері сирек қолжазбалармен жұмыс істеу барысында қандай тың деректерге, бұрын беймәлім болып келген әдеби немесе тарихи жәдігерлерге кез болдыңыз? 
– Соңғы ашқан ғылыми жаңалығымыз дейсіз бе? Оны білмедік. Шама-шарқымызша жұмыс істеп жатқан сияқтымыз. Ғылымға қандай үлес қосқанымызды әріптестеріміз бен кейінгі буын айта жатар. Десек те, Қараһандықтар және Алтын Орда тұсындағы әдеби жәдігерлер қамтылған қолжазбаларды түпнұсқадан тәржімалап, ғылыми айналымға енгізгенімізді көңілімізге медет тұтамыз.
Ал қолжазбалардың қолжетімділігіне келер болсақ, Құдайға шүкір, отандық кітап­хана қорларындағы мұраны алып зерттеуде ешқандай да қиындық жоқ. Оның үстіне шетел кітапханаларындағы мұралармен офлайн да, онлайн да танысу мүмкіндігі бар. Алайда кейбір елдің сирек қорларына арнайы хатпен бармасаң, кіргізбейтін, кіргізсе де, көшірмесін оңайлықпен бере қоймайтын жағдайлар кездеседі. Құнды қолжазбалардың қолға оңайлықпен түспейтіні әу бастан белгілі. Кейбір маманымыздың ғылыми іссапармен шетелге шығып, ондағы асыл қазыналарымыздың көшірмесін алып келіп жатқаны қуантады. Келешекте көне мұраларымыздың ортақ базасы жасақталып, бір жерге жинақталса, жұрттың бәріне қолжетімді болады деп ойлаймыз.
Құдайға шүкір, бүгінде қолжазбаларды зерттеп, жариялауда цензура жоқ. Кеңес кезінде белгілі бір деңгейде мәтінді әдейі қысқартушылар, зерттеушілер тарапынан бұра тартушылықтар орын алған болуы ықтимал. Сол замандарда «өңделіп жария­ланған» жәдігерлерді бүгінгі мамандарымыз қайта қарап, қайта басып жатыр. Әрине, кейбір кадикологтің көне жәдігерлерді жариялағанда ағаттық жіберген, содан мәтіннің қате оқылған тұстары кездеседі. Ондай кемшіліктер цензурадан емес, маманның қарым-қабілетінен, біліктігінен туындайды. Яғни көне мәтінді зерттеушінің қаншалықты дұрыс оқуында дер едік. Оның үстіне қолжазбалардың ішінде көнерген, шіріп, жойылуға жақын қалғандары да бар. Сондай жағдайда зерттеушінің мәтінді дұрыс оқи алмауы ықтимал. Ондай жағдайлар кездесіп тұрады.
– Қазір тарихи және әдеби мәтіндерді «оқырманға түсінікті болсын» деген ниет­пен жеңілдетіп, заманауи тілге бе­йімдеп жариялау тәжірибесі жиі кездеседі. Түпнұсқамен жұмыс істегенде аударма мәтіні мен түпнұсқа мәтіннің арасындағы тепе-теңдік қалай сақталуы керек?
– Мәселе түпнұсқаны қай аудиторияға лайықтап дайындауыңызға байланысты. Ортағасырлық көне мәтіндерді кейде балалардың санасына ыңғайлап жеткізетін тұстары да болады. Яғни өлең сөзбен жазылған дүниені қара сөзбен жеткізетін кездер де кездеседі. Сондай-ақ жалпы көпшілік қауымға көне мұралардағы сөздер мен тіркестер түсінікті бола бермеуі мүмкін. Сондықтан бүгінгі қазақ тілімізбен жеткізетін тұстар да болады. Бірақ ғылыми қауым үшін жасалған дүние сап қалпында жеткізілуі қажет. Біз еңбектерімізді, негізінен, ғылыми орта үшін дайындаймыз. Кезінде жиырма томнан тұратын «Әдеби жәдігерлер» сериясын баспаға дайындағанымызда, осы жағына қатты мән бердік. Тіпті сол дәуірдің әдеби тынысы мен сөзжасам тәсілдерін сол қалпында жеткізу мақсатында барынша түпнұсқаға жақындатып беру жағына жіті назар аудардық. Жоғарыда өзіңіз сөз қозғаған «Ежелгі дәуір әдебиетін» беруде де сол тәсілді қолдандық. Сөз орайы келгенде айта кетейін, бүгінде біздің институт (ҚМДБ Ислам ғылыми-зерттеу институты) бабалар мұрасын насихаттау мақсатында «Рухани мұра» атты көптомдықты қолға алғанымызды, онда сол әдісті ұстанып отыр­ғанымызды баса айтқым келеді. Он шақты күн бұрын осы көптомдықтың алғашқы екі кітабын оқырман назарына ұсындық. Әр кітабымыз іштей төрт бөлімнен тұрады: аударма, транскрипция, асылмәтін және түпмәтін. Осы арқылы ғылыми ортаны да, жалпы көпшілік қауымның да сұранысын қанағаттандырсақ деп отырмыз. Қолжазбаны мамандар жариялайды. Негізінен, тарихи, әдеби мәтіндер жарияланып жатыр. Бірақ көрші елдермен салыстырғанда аз дер едік. Гуманитарлық ғылым сала өкілдерінің барынша түпнұсқамен жұмыс істегені маңызды. Қолжазбамен тікелей жұмыс істеген маманның тұжырымдары да көңілге қонымды болады. 
Ортағасырлық стильде жазылған дүниелерді сол саланы зерттеп жүрген мамандары болмаса, көпшілік қауым толық түсіне бермейді. Ондағы ой орамдары мен сөзжасамдарында бүгінгі тілмен салыстыр­ғанда біраз өзгешелік бар. Парсының «ке» көмекшісі арқылы жасалатын ұзақ құрмалас сөйлемдер мен әдеби өрнектерді бүгінгі оқырманға бейімдеп беру маңызды. Сонда да түпнұсқадан алшақтамау маңызды. Яғни айтылар ой мен жеткізілетін мәлімет өзгеріске ұшырамауы қажет. Тәржіман белгілі бір мәтінді қолға алғанда жарық көретін кітаптың қай аудиторияға бағытталғанына және ондағы айтылар ойдың сап қалпында жеткізілуіне назар аударады. Жаңа айтып өткеніміздей, жолма-жол аударма, негізінен, арнайы мамандардың құзырына ұсынылады. Сондықтан да ғылыми тәржіманың аудиториясы аз болады. Ал көпшілік қауымға ұғынықты тілде жеткізсеңіз, оның оқырманы да көп болады. Басты мақсат – мәтіннің өзгеріске ұшырап, оқырманды шатастырмауында. 
– Қазақтың әдеби мұрасы кімнің қолында: отандық ғалымдарда ма, шетел архивтерінде ме? Мысыр, Түркия, Өзбекстан, Ресей, Қытай сынды елдердегі қазаққа тиесілі қолжазба қорларын қайтару мәселесі туралы не білесіз? 
– Жазба ескерткіштеріміздің біраз бөлігі шетелдерде жатқаны белгілі. Соның ішінде исламға дейінгі мұралар Қытай елінде жатса, исламнан кейінгі мұраларымыз, негізінен, Иран, Түркия сияқты елдерде жатыр. Сондай-ақ мәмлүк-қыпшақтарына қатысты жәдігерлер Мысырдағы кітапханаларда сақтаулы. Өзбекстандағы А.Беруни атындағы Шығыстану институтының қорында да мол дүние бар. Мемлекет тарапынан қолға алынған «Мәдени мұра», «Тарих толқынында» секілді бағдарламалардың нәтижесінде біраз мұрамыздың көшірмесі елге әкелінді. Мемлекеттік ғылыми грант бойынша да біраз жәдігердің көшірмесі елге қайтты. Оларды қайтару – қашанда үздіксіз жүріп отыратын дүние.
– Ғылым жолы – ұзақ әрі табанды­лықты талап ететін сапар. Сіздің ғылыми-зерттеу бағытыңыз – шығыстану мен әдебиеттану саласы. Осы бағытты таңдауыңызға не түрткі болды? Ортағасырлық түрік-ислами жазба мұраларын зерттеуге бет бұруыңыз кездейсоқтық па, әлде белгілі бір ізденістің нәтижесі ме?
– Негізгі бағытымыз – шығыстанушы-филологпіз, анығы әдебиеттанушы. Басында иранист ретінде бастап, кейін түркітануға ойыстық. Себебі зерттеген тақырыбымыз ортағасырлық түрік ескерткіштері болды. Соның ішінде діни туындылар, анығы, ислами шығармалар. Діни-дидактика, діни-канондық ескерткіштерден басқа, сол дәуірдегі барлық жазба жәдігерлерді қамтуға тырысамыз.
– Өзіңіздің авторлығыңызбен жарық көрген 3–4 ғылыми ізденісіңізге, кітабыңызға тоқталып өтсеңіз. Қайсысының жазылу тарихы ерекше, өзіңізге аса жақын және неліктен? 
– Соңғы жылдары жекелеген зерттеулеріміз де, ұжымдық монографияларымыз да жарық көріп жатыр. Жеке зерттеуіміз ретінде соңғы бір-екі кітабымызды айтар болсақ, ортағасырлық түрік әдеби жәдігерлерінің Абай шығармашылығына әсері болса, екіншісі – былтыр ғана баспадан шыққан парсы-тәжік және қазақ халқына ортақ әдеби желілер мен арналар атты еңбегіміз. Сондай-ақ Алтын Орда әдебиеті мен мәмлүк-қыпшақтарының әдеби, тілдік және мәдени мұраларына қатысты жарияланған ұжымдық монографиямыздың да орны бөлек. Әрине, іштен шыққан соң, бәрі де ыстық. Алайда Абай академиясынан жарық көрген Абайдың «Әлифдек ай йүзүңә ғибрәт еттім» деген өлеңі негізінде жазылған еңбегімізде біраз дүниені айттық деп ойлаймын. Әрине, оған бағаны оқырман береді.
Негізінен, түпнұсқалармен, қолжазбалармен жұмыс істейміз. Қараһандықтар, Алтын Орда және Қазақ хандығын зерттеген ғалымдарымызға қарата сын-ескертпе айта алмаймыз. Әркім өз қарым-қабілетіне қарай зерделейді. Біз алдыңғы буынның бізге дейін жеткізген зерттеулерін аманат ретінде алып, оны одан әрі зерттей түсудеміз. Әрине, соңғы жылдары осы дәуірлерге қатысты біраз жәдігерлерді тәржімалап, ғылыми айналымға енгізгенімізге шүкіршілік етеміз. Бүгінде де қолымызда осы кезеңдерге қатысты құнды мұраларды тауып, зерделеудеміз. Жошы ұлысын басқарған хандарымыз үшін арнайы көшірілген діни-канондық мәтіндермен жұмыс істеудеміз. Сондай-ақ Қазақ хандығындағы рухани кеңістікті көрсететін тағы бір қолжазба үстелімізде жатыр. Осы екі кезеңге тиесілі діни-канондық, діни-дидактикалық жәдігерлер кешегі Кеңес заманындағы зерттеушілеріміздің назарынан тыс қалғаны белгілі. Осы олқылықтың орнын толтырсақ дейміз. Алдағы уақытта соларды жариялап, ғылыми айналымға енгізсек деп отырмыз. Біз шығарған дүниелер, анығы, ортағасырлық әдеби жәдігерлер ғылыми айналымға еніп, руханиятымызға қызмет етсе, соның өзі үлкен жетістік дер едік. Тұжырымдарымыз бен ойларымыздың мектеп оқулықтарына еніп, өскелең ұрпақтың ұлтжанды һәм иманды болып қалыптасуына септігін тигізіп жатса, зерттеулеріміздің зая кетпегені. 
– 2024 жылғы шілде айының соңында жаңадан ашылған Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жанындағы Ислам ғылыми-зерттеу институтының басшысы болып тағайындалдыңыз. Ғылыми-зерттеу институтының аясында нақты қандай жұмыстар атқарылып жатыр? Қандай бағыттарды негізгі басымдық ретінде белгіледіңіздер?
– Иә, былтыр күзде Қазақстан мұсылмандар діни басқармасының жанынан жаңадан ашылған Ислам ғылыми-зерттеу институтына басшы болып келдік. Оған дейін М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында қызмет еттік. Сонда біраз тәжірибе жинақтадық. Сол жетістіктерімізді осында қолдансақ деп отырмыз. Алғашқы үш-төрт айымыз институттың құжаттарын жасау, құрылымын бекіту, құзырлы орындарға тіркеу секілді ресми жұмыстарға кетті. Институтымыздың бағыт-бағдарын нақтыладық. Іргелі және қолданбалы ғылыми зерттеулермен бірге, діни талдау, сараптау жағына да басымдық берсек дейміз. Түрлі ғылыми шаралар арқылы рухани құндылықтарымызды насихаттау да басты назарымызда. Былтыр Жошы ұлысының 800 жылдығына орай Алтын Орданың белді хандарының бірі – Өзбек хан Құранының көшірмесін алып келдік. Арнайы конференция өткізіп, көпшілік қауымға таныстырдық. Осындай ғылыми-теориялық, ғылыми-танымдық шараларда дін мен дәстүрдің сабақтастығына, тұтастығына басымдық берсек деген ойымыз бар.
Институттың негізгі мақсаты, Президент Қ.Тоқаев айтқандай, дәстүрлі исламды ғылыми негіздеу. Яғни бабаларымыздан қалған дін мен дәстүр сабақтасқан рухани жолымызды – ғылыми негіздеу, насихаттау. Оның негіздері, жоғарыда айтып өткеніміздей, Қараһандықтардан бастап ХХ ғасырдың басына дейінгі мыңжылдық жазба жәдігерлерде жатыр. Дәстүрлі діни көзқарасымыздың қалыптасуына қызмет еткен жәдігерлер араб, парсы тілдерінде емес, қайта сол кездегі көпшілікке ұғынықты түрік әдеби (шағатай) тілінде жазылған дүниелер. Яғни ғылым тілі болған шалғайдағы араб не парсыша емес, қарапайым халықтың тілінде жазылған төл туындылар. Соларды бүгіннің көзқарасы тұрғысынан қайта жариялаудың маңызы зор. Сондықтан бабалар мұрасын қайта тірілту мақсатымен «Рухани мұра» атты көптомдықты қолға алып отырмыз. Негізгі зерттеу нысандарымыз ХІХ ғасыр­дың соңы мен ХХ ғасырдың басындағы литографиялар, ХVIII–XIX ғасырлардағы тасбаспалар, сондай-ақ Қараһандықтар дәуіріне дейінгі жәдігерлер қамтылған көне қолжазбалар болмақ. Оларды академия­лық басылым түрінде дайындауды қолға алып отырмыз. Яғни, жоғарыда айтып өткеніміздей, бір кітапта көне мұраның түпмәтіні (факсимилесі), оның арабша қайта терілген асылмәтіні, латын графикасындағы транскрипциясы мен бүгінгі кирилл әрпіміздегі қазақша тәржімасы, сондай-ақ, ғылыми қосымшалары (түсініктері, индекстері, сөздігі т.б.) қатар беріледі. Осы арқылы ғылыми қауымнан бастап қарапайым оқыр­манның сұранысын да қанағаттандырсақ дейміз. Бүгін қоғам алыстағы Араб түбегінде немесе Таяу Шығыста жазылған діни кітапқа қарағанда, өздерінің ата-бабалары жазған рухани дүниелерді іздеуде. Қазір әлеуметтік желіде дінге қарсы пікір айтылып жатса, оның бір себебі де осында. Яғни бүгінгі ортаға болмысымызға жат қасаң діни догма емес, бабаларымыздан қалған көркем насихат қажет. 
Біздің қолға алып отырған «Рухани мұра» жобамыз – бір кездері жарық көрген жүз томдық «Бабалар сөзі», жиырма томдық «Әдеби жәдігерлер» секілді көптомдықтардың дәстүрлі жалғасы болмақ. Бірақ «Бабалар сөзінде» халық ауыз әдебиеті, ал «Әдеби жәдігерлерде» әдеби мәтіндер ғана жарияланса, біздің көптомдығымызда ғасыр­лар қойнауынан жеткен діни-танымдық, діни-дидактикалық, діни-сопылық және діни-канондық жәдігерлер жарық көретін болады. Бабалардан жеткен сол мұраларды қайта жарыққа шығару, оларды насихаттау арқылы соңғы отыз жылда сыналап енген түрлі діндер мен ағымдарға тосқауыл қойсақ деп отырмыз. 
Бүгінгі қоғамдағы діни ахуалдың мән-жайы, себебі мен салдары ойлы жанды бейжай қалдырмасы анық. Осы жағын да зерделеу мақсатында сараптау, талдау жағына да назар аудармақшымыз, бұйыртса.
– Қазіргі жастарға және жас ғалымдарға қандай кеңес берер едіңіз?
– Кезінде бір аста Бұқар медресесін жаңадан бітіріп келген Тұрмағамбет Ізтілеуовті төрге шығарып, «Балам әңгіме» айтыңыз десе керек, сонда ақын: «Әңгіменің ұзынын айтайын ба, әлде қысқасын айтайын ба?» – депті. Сонда жиналған жұрт «Қысқасын айтыңыз», – депті. Сонда Тұрмағамбет: «Оқыңыздар, оқыңыздар!» – деген екен. Біз де, сол секілді өзімізден кейінгі жастарға осы сөзді айтсақ деп отырмыз. 
– Сұқбатыңызға рақмет!


Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *