ИҒЗИ: ИНСТИТУТ ДИРЕКТОРЫ ИСЛАМ ИНСТИТУТЫНЫҢ ӨКІЛДЕРІН ҚАБЫЛДАДЫ

ҚМДБ Ислам ғылыми-зерттеу институтының директоры Төрәлі Еділбайұлы Түркістан қаласындағы «Қожа Ахмет Ясауи» атындағы Республикалық имамдардың білімін жетілдіру ислам институтының директоры Жүсіпбек Айдарбекұлы бастаған институт өкілдерін қабылдады.

▶️ Кездесу барысында екі мекеме арасындағы ғылыми-білім беру бағытындағы ынтымақтастықты дамыту мәселелері талқыланды. Атап айтқанда, тараптар бірлескен оқу бағдарламаларын әзірлеу, арнайы дәрістер курсын ұйымдастыру, имамдардың кәсіби және діни білімін жетілдіруге бағытталған ортақ жобалар мен іс-шараларды жүзеге асыру жөнінде пікір алмасты.

▶️ Тараптар Ислам ғылыми-зерттеу институтында жүргізіліп жатқан зерттеулердің нәтижелерін имамдардың білімін жетілдіру үдерісінде тиімді пайдалану, дәстүрлі ислам ғылымдары мен ұлттық рухани мұраға негізделген ғылыми-әдістемелік материалдарды оқу бағдарламаларына енгізу мәселелеріне де назар аударды.

▶️ Кездесу аясында қонақтарға Ислам ғылыми-зерттеу институты жүзеге асырып жатқан ғылыми жобалар мен зерттеу бағыттары таныстырылды. Сондай-ақ институттың Сирек кітаптар мен қолжазбалар қорында сақталған құнды жазба жәдігерлер көрсетіліп, оларды жинақтау, сақтау, ғылыми сипаттау және зерттеу бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы мәлімет берілді.

▶️ Кездесу соңында ҚМДБ Ислам ғылыми-зерттеу институты тарапынан жарық көрген ғылыми еңбектер мен басылымдар «Қожа Ахмет Ясауи» атындағы Республикалық имамдардың білімін жетілдіру ислам институтының қорына сыйға тартылды.

▶️ Тараптар алдағы уақытта екі мекеме арасындағы ғылыми-білім беру байланыстарын жүйелі түрде жалғастырып, имамдардың біліктілігін арттыруға бағытталған бірлескен жобаларды жүзеге асыруға уағдаласты.


Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *