Түркістанда «Түркі әлемі және Ясауи мұрасы: өркениеттер тоғысындағы мәдени үндестік» атты халықаралық дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Түркістанның пірі — Ахмет Иасауи мұрасы ұлықталды.
Қожа Ахмет Яссауидің мұрасына арналған халықаралық дөңгелек үстелге Қазақстан, Түркия, Өзбекстан, Әзербайжан, Түркіменстан және Қырғызстаннан келген сарапшылар қатысты. Олардың қатарында ҚМДБ жанындағы Ислам ғылыми зерттеу институтының директоры Төрәлі Қыдыр, теологтар, яссауитанушылар, археологтар мен реставраторлар бар. Ғалымдар ұлы ойшылдың ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүрлерінің түркі тілдес мемлекеттердің қазіргі интеграциясы үшін негіз бола алатынын талқылады. Қала қонақтарының пікірінше, Яссауи мұрасы – барлық түркі халықтарын байланыстыратын бірінші әрі басты дәнекер.


