Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы Финляндия Республикасына жасаған ресми сапары аясында осы елдің архиепископы Тапио Юхани Луомамен кездесті. Маңызды кездесуге ҚМДБ жанындағы Ислам ғылыми-зерттеу институтының директоры Төрәлі Қыдыр да қатысты.
Кездесу барысында тараптар қоғам тұрақтылығын сақтау мен адамзатқа ортақ рухани құндылықтарды қорғаудың өзектілігін кеңінен талқылады. Бас мүфти дінаралық татулық пен өзара түсіністікті нығайтуда Астана қаласында үш жыл сайын өтетін Әлемдік және дәстүрлі дін лидерлері съезінің ерекше маңызға ие екенін атап өтті.
Өз кезегінде архиепископ бұл халықаралық басқосуды халықтар мен мәдениеттерді жақындастыратын маңызды диалог алаңы ретінде бағалап, Қазақстанның осы бағыттағы бастамаларын жоғары қолдайтынын жеткізді.
Сондай-ақ, кездесуде қазіргі жаһандық саяси жағдай аясында қоғамды сабырлыққа, өзара құрмет пен түсіністікке шақырудың маңыздылығы ерекше атап өтілді.




