АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНДА «ИСЛАМ ЖӘНЕ ОТБАСЫ ҚҰНДЫЛЫҒЫ» ЖЫЛЫНЫҢ ҚОРЫТЫНДЫ КОНФЕРЕНЦИЯСЫ ӨТТІ

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұйымдастыруымен Алматы облысында жылдың қорытындысы ретінде «Ислам және отбасы құндылығы» тақырыбында республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.

Аталған жиында ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы, ҚМДБ Ақсақалдар кеңесінің мүшесі, жазушы-публицист Марат Тоқашбаев, қоғам қайраткері Асылы Осман, ҚР ҰҒА академигі, филология ғылымдарының докторы Қансейіт Әбдезұлы, ҚМДБ Ислам ғылыми-зерттеу институтының директоры Төрәлі Қыдыр, Алматы облыстық Қоғамдық кеңестің төрағасы Қазыбек Дауталиев, исламтанушы Шамшат Әділбаева және педагог-тренер Саят Ибраимов баяндама жасап, отбасы құндылығына қатысты өзекті ой-пікірлерін ортаға салды. Конференция жұмысына Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев қатысып, құттықтау сөз сөйледі.

ҚМДБ Ислам ғылыми-зерттеу институтының директоры Төрәлі Қыдыр “Шығыс мұсылман жәдігерлеріндегі әкенің балаға өсиеті” атты тақырыпта баяндама жасай отырып, исламдағы отбасы құндылықтары мен әкенің бала тәрбиесіндегі маңызды рөлін көрсетті. Өсиеттердің тек білім мен тәрбие беріп қана қоймай, рухани және адамгершілік құндылықтарды ұрпаққа жеткізетінін түсіндірді. Сондай-ақ, нақты мысалдар арқылы әкенің баласына қалдырған өсиеттерінің тәрбиелік мәнін айқын көрсетті.

Жиын барысында ата-ана тәрбиесі, үлкенге құрмет, бата дәстүрі, ата-әже тәрбиесінің маңызы, сондай-ақ ер мен әйелдің отбасындағы жауапкершілігі кеңінен қозғалып, қазіргі қоғамдағы ажырасудың алдын алу мәселелері талқыланды. Жиын соңында Бас мүфти отбасы құндылықтарын сақтау әрбір мұсылманның жауапкершілігі екенін атап өтіп, шаңырақтың берекесі өзара сыйластық пен мейірімге негізделуі тиіс екенін жеткізді.


Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *