Бүгін Алматы қаласында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жанындағы Ислам ғылыми-зерттеу институтынан Сирек кітаптар мен қолжазбалар қоры ашылды.
Салтанатты ашылу рәсіміне ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы, Ғұламалар кеңесі мен Сарапшылар кеңесінің мүшелері, дін ғалымдары және зиялы қауым өкілдері қатысты. Бас мүфти өз сөзінде еліміздегі мешіттерде сақталған қолжазбалар мен сирек кітаптар қорларының бай екенін атап өтті. Ол бұл құнды материалдарды бір орталыққа жинақтап, цифрландыру арқылы ғылыми айналымға енгізу және болашақ ұрпаққа жеткізу маңызды екенін атап көрсетті.
Институт директоры, филология ғылымдарының кандидаты Төрәлі Қыдыр орталық жұмысы жөнінде кеңірек айтып, қазіргі таңда қорда 100-ден астам сирек кітап пен қолжазба сақтаулы екенін жеткізді. Олардың арасында Ахмет Иасауидің «Диуани хикметі», Алтын Орда дәуіріндегі Рабғұзидың «Қисас әл-әнбиясы» сияқты құнды жәдігерлер бар, сонымен қатар ислам ілімдеріне қатысты басқа да маңызды еңбектер кездесетінін атап өтті.
Болашақта қордағы материалдарды толық цифрлап, интернеттегі ортақ базаға шығару, каталогтау және ғылыми сипаттамасын жасау жоспарлануда. Бұл қадам еліміздегі исламтану және қолжазбалар ғылымына елеулі үлес қосады.
Қазіргі уақытта Қазақстан бойынша ҚМДБ-ға қарасты мешіттерде көптеген қолжазба мен сирек кітаптар бар екені анықталды. Алдағы уақытта олардың барлығын орталыққа жинақтап, қалпына келтіріп, ғылыми айналымға қосу бойынша кешенді жұмыстар жүргізілмек
