ИҒЗИ: МАЛАЙЯ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ДЕЛЕГАЦИЯСЫ ҚОНАҚТА

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ мен Малайя университеті ұйымдастырған «Қазақстан мен Малайзиядағы исламтанулық зерттеулер: ортақ тұстары мен өзекті мәселелері» халықаралық ғылыми-зерттеу конференциясы барысында Малайя университетінің (UM) делегациясы ҚМДБ жанындағы Ислам ғылыми-зерттеу институтына болды.

Делегацияны Малайя университеті Тәрбие орталығының декан орынбасары доктор Мұхиддин Дауд Әли мен аталмыш оқу орнының Ислам тарихы, өркениеті және білім беру кафедрасының меңгерушісі, профессор Мохд Рослан Мохд Нор бастап келді.

Кездесуге Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, дінтану және мәдениеттану кафедрасының меңгерушісі, профессор Айнұр Құрманалиева мен кафедраның бірқатар оқытушы құрамы қатысты.

Қонақтар институт тарихымен, оның ғылыми-зерттеу бағыттарымен, жүзеге асып жатқан жобаларымен және алдағы жоспарларымен жан-жақты танысты.

Профессор Мохд Рослан Мохд Нор өз сөзінде кездесу маңыздылығына тоқталып, мұндай ғылыми басқосулардың өзара ынтымақтастықты тереңдетіп, тәжірибе алмасуға кең мүмкіндік беретінін атап өтті.

Ал доктор Мұхиддин Дауд Әли Қазақстанның мұсылмандық тарихының тереңдігіне, рухани мұрасының молдығына назар аударып, институт тарапынан дәстүрлі діни мектеп өкілдерінің еңбектерін ғылыми тұрғыдан зерттеу ісіне қызығушылық білдірді.

Профессор Айнұр Құрманалиева институттың ғылыми жобаларына тоқталып, дәстүрлі діни мектеп өкілдерінің рухани мұрасын қайта жаңғыртып, оны ғылыми айналымға енгізудің әрі халық игілігіне ұсынудың өзектілігін атап өтті.

Сондай-ақ ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Наурызбай Тағанұлының ғылыми бастамаларына оң баға беріп, институт директоры, ф.ғ.к. Төрәлі Еділбайұлы бастаған ұжымға ғылыми табыс тіледі.

Кездесу барысында тараптар ғылыми-зерттеу саласындағы әріптестікті дамыту мен ынтымақтастықты одан әрі кеңейту мәселелерін талқылады.

Алдағы кезеңде ортақ ғылыми жобалар әзірлеу, бірлескен зерттеулер жүргізу, ғылыми жобаларды жүзеге асыру және академиялық тәжірибе алмасу бағыттарын қарастыру жөнінде уағдаласты.


Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *