2026 жылдың 14 қазан күні Шығыстану институтының ұйымдастыруымен Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 35 жыл және Р.Б. Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының құрылғанына 30 жыл толуына орай «Қазақстан мен Шығыс әлемінің тарихи-мәдени, саяси-экономикалық қарым-қатынастары: тарихы, бүгіні және даму беталысы» атты Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Айтулы шараға ҚМДБ Ислам ғылыми-зерттеу институтының директоры Төрәлі Еділбайұлы арнайы қатысып, ҚМДБ Бас мүфтиі Наурызбай қажы Тағанұлының құттықтау сөзін оқыды. Сондай-ақ ҚМДБ ИҒЗИ атынан институттың 30 жылдық мерейтойын құттықтап, Р.Б. Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының бас директоры, филология ғылымдарының докторы, профессор Дүкен Мәсімханұлына сыйлық табыстады.




