Оқырман назарына ұсынылып отырған »Рухани Мұра» сериясының төртінші кітабына Ғұмар Қарашұлының 1913 жылы Қазандағы «Үміт» баспасынан жарық көрген «Бәдәл Хаж» кітапшасы еніп отыр. Діни-фиқһи трактатта исламдағы бес парыздың бірі, фиқһ ілімінің бір бабы қажылық жайы, оның шариғи үкімдері, қажылықтағы » бәдәл» мәселесі қозғалады. Алаш Орда мүфтиі ретінде танылған Ғ.Қарашұлы өзінің белсенді діни-ағартушылық қызметімен елге таныла бастады. Ол 20ғ. басындағы қазақтың ең беделді діни-ағартушысы, жәдидшіл ойшылы болды. Оның дін қайреткері, мүфти, имам, ұстаз, публицист ретіндегі еңбегі де орасан зор. Ғұмар Қарашұлы діни мұрасы жәдидтік-ағартушылық сипатымен ерекшеленеді. Ол исламды заманауи әлеуметтік-мәдени жағдайлармен байланыстыра түсіндіріп, ғылым мен білімді дінмен сабақтастыруға ұмтылады. Еңбектерінде соқыр еліктеушілікті сынап, ақылға, дәлелге және шариғи негіздерге сүйенген рационалды тәсілді алға тартты.Сондықтан, Ғ.Қарашұлы мұрасын насихаттау — ұлттық руханиятты нығайтудың және исламды дұрыс түсіндірудің өзекті жолдарының бірі.
Бәдәл Хәж
