Қазақстанның тұңғыш бас мүфтиі, ҚМДБ-ның алғашқы төрағасы марқұм Рәтбек қажы Нысанбайұлының дүниеден өтуіне байланысты туған-туыстары мен жақындарына ИҒЗИ ұжымы атынан қайғыра көңіл айтамыз.
ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы марқұмның жақындарына көңіл айтып, оның елімізде Ислам дінінің дамуына, діни білім мен ғылымның ілгерілеуіне өлшеусіз үлес қосқанын атап өтті. Рәтбек хазірет мүфти болған жылдары мұсылман мемлекеттерімен тығыз қарым-қатынас орнатып, ынтымақтастықты арттыруға ықпал еткен. Сондай-ақ Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының іргетасын қалап, өз қызметі барысында 30-дан астам мешіт салынуына ұйытқы болды.
4 күн бұрын, 12 қаңтарда ҚМДБ Төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы Рәтбек қажы Нысанбайұлын Ислам дінінің дәріптелуіне, діни білім мен ғылымның дамуына қосқан ерекше үлесі үшін ҚМДБ-ның ең жоғары наградаларының бірі — «Шарапат» орденімен марапаттаған болатын.
Алла Тағала марқұмның иманын жолдас етіп, жәннаттан орын нәсіп етсін. Артында қалған отбасына, ағайын-туыстарына сабыр мен күш-қуат берсін.
