ҚМДБ Ислам ғылыми-зерттеу институтында «Жазба мәдениетінің рухани құндылықтары» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.
Дөңгелек үстелге Конфессияаралық және дінаралық диалогтың халықаралық орталығы Басқарма төрағасының орынбасары Б.Бакиров, Мұсылман ақсақалдар кеңесінің Орталық Азия Кеңсе Басшысы С.Абдунаим, Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығының директоры Ж.Болдықов, Конфессияаралық және дінаралық диалогтың халықаралық орталығы департамент директоры Р.Ибраев және исламтанушылар, дінтанушылар, қолжазбатанушылар және реставраторлар қатысты.
Институт директоры, филология ғылымдарының кандидаты Төрәлі Еділбайұлы қонақтарға институттың құрылымы мен қызметі, қолға алынған жобалардың жүзеге асу барысы, сондай-ақ сол жобалар негізінде жарық көрген еңбектер жайында кеңінен таныстырды.
Конфессияаралық және дінаралық диалогтың халықаралық орталығы Басқарма төрағасының орынбасары Б.Бакиров пен Мұсылман ақсақалдар кеңесінің Орталық Азия Кеңсе Басшысы С.Абдунаим ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Н.Тағанұлының бастамалары мен Институт ұжымының жұмысын жоғары бағалап, өз ризашылықтарын білдірді.
Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығының директоры Ж. Болдықов халқымыздың рухани жазба мұрасы – қолжазбалар мен сирек кітаптарды сақтау ісінің маңыздылығына тоқталып, алдағы уақытта Институтпен бірлесіп жобалар жүзеге асыруға мүдделі екенін жеткізді.
Қолжазбатанушылар мен реставраторлар қолжазба қорлары мен аймақтардағы мешіттерде сақталған Құран жазбаларын, сондай-ақ араб, парсы және шағатай тілдеріндегі сирек кітаптарды сақтау мәселелеріне қатысты өз ұсыныстары мен кәсіби пікірлерін ортаға салды.
Тараптар алдағы жоспарлар жөнінде пікір алмасып, бірлескен жобалар мен ортақ жұмыстарды жүзеге асыруға уағдаласты.